ТЖ жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысы өтті
10.04.2020
Бүгін төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Мемлекет басшысы өз сөзінде медициналық қызметкерлерге алғыс айтты және төтенше жағдай кезінде оларға уақытылы үстемеақы төлеуді қамтамасыз етпеген мемлекеттік органдардың атына сын айтты.
Президент Мемлекеттік комиссияға «бұл қаражатты алушыларға қысқа мерзімде жеткізуді қатаң бақылауды және ашықтықты қамтамасыз етуді» тапсырды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы республикада табыссыз қалған азаматтарды қолдау бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда 1,7 миллион азамат әлеуметтік төлем туралы өтініш білдірді. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысының тиімділігі жеткіліксіз болды. Бұқаралық ақпарат құралдарында шот ашу немесе бірыңғай әлеуметтік төлемді төлеу мақсатында банктердің алдында пайда болған кезектер көрсетілді. Карантин кезінде адамдар өздеріне қауіп төндіруге мәжбүр болды. Осыған байланысты Үкіметке азаматтар үшін үйден шықпай-ақ төлем алудың қадамдық тетігін әзірлеу тапсырылды.
Мемлекет басшысы білім беру жүйесінде қашықтықтан оқытуды қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, дағдарыс «барлық кемшіліктерді ашады, өзімен үлкен мүмкіндіктерді алып келеді». Білім және ғылым, денсаулық сақтау жүйесінде түбегейлі реформалар күтіп тұр.
Ағымдағы жағдайды бағалай отырып, Президент баға белгілеуді реттеу, коммуналдық төлемдерді төмендету бойынша кешенді шешім, Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру, шағын және орта бизнесті, қаржы секторын қолдау, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу тетігіндегі бар мәселелерді атап өтті.
Сөз соңында Президент карантин режимінің мерзімі елордада, Алматыда, Шымкентте және басқа да облыстарда сәуір айының соңына дейін ұзартылатынын мәлімдеді.