Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті
31.03.2020
2020 жылғы 31 наурыз күні Алтыншаш Табулдинаның төрағалық етуімен қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті.
Сессия депутаттар мен негізгі баяндамашылар Қайсар Манкараевтың, Нұр-Сұлтан қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының және Нұр-Сұлтан қ. әкімдігі аппараты басшысының орынбасары Жүсіп Жумагуловтың қатысуымен онлайн режимінде өтті. Бейнеконференция байланысы режимінде Нұр-Сұлтан қ. аудандарының әкімдері және Нұр-Сұлтан қ. әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қосылды.
Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты, әкімдік көптеген өндірістер мен қызмет көрсету саласының қызметін тоқтата тұру жағдайында санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылыққа және жұмыс орындарын сақтауға бағытталған шұғыл шаралар кешенін іске асыруда.
Нұр-Сұлтан қ. мәслихатының депутаттары әкімдіктің дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарын қолдады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет шағын және орта бизнесті, жалдамалы қызметкерлер мен халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау бойынша шараларды әзірлеп, әкімдікпен бірлесіп іске асыруда.
Салық жеңілдіктерінен және кәсіпкерлік субъектілерінің тоқтап қалуынан бюджетте едәуір шығын күтілуде. Жағдайды нақты бағалау санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін талап етілетін карантиннің нақты мерзіміне сүйене отырып кейінірек беріледі.
Бюджетті ағымдағы нақтылау шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасын және Қаржы министрлігінің ұсынымдарын ескере отырып, шығындарды оңтайландыруды жүргізді. Мәдени-бұқаралық іс-шаралар саны қысқартылды, сондай-ақ республикалық бюджеттен көзделген трансферттер шеңберінде шығындар босатылып, оңтайландырылды. Босатылған ресурстар бірқатар негізгі міндеттерге қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, қайта бөлінетін болады.
Біріншіден, салық жинау жоспарын оңтайландыру және азайту бойынша жүргізілген шаралар есебінен жергілікті бюджеттің теңгерімділігі қамтамасыз етіледі.
Екіншіден, шұғыл қажеттіліктерге бағытталатын әкімдік резерві ұлғайтылды.
Үшіншіден, әлеуметтік саланы қаржыландыру ұлғайтылды.
Төртіншіден, әкімдік экономиканың нақты секторын қолдау, инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шараларды қамтамасыз ететін болады.
Сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобалардың құрылысын аяқтауға, соның ішінде жол, инженерлік желілер мен қолжетімді тұрғын үй құрылысына қосымша қаражат бағытталатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы іске асырылатын болады. Осы бағдарлама шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласы үшін РБ берілетін трансферттер және «Бәйтерек» холдингімен бағалы қағаздар шығару есебінен қаражат көзделеді.
Аталған бағыт бойынша оңалту орталығының, 600 орындық жаңа мектептің, жаңа жолдар мен нөсерлік канализациялардың құрылысы, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу, аулаларды көріктендіру, газдандыру бойынша жұмыстар жүргізу, ЖЭО жаңғырту, әлеуметтік нысандар мен қолжетімді тұрғын үйлер үшін инженерлік желілердің құрылысы және т.б. қарастырылған. Нәтижесінде 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалатын болады, елорда тұрғындары мен шағын және орта бизнес өкілдері бюджеттің барлық деңгейі есебінен нақты қолдауға ие болады.
Кезектен тыс сессияның барысында күн тәртібіндегі екінші мәселе Нұр-Сұлтан қ. әкімдігінің дербес құрамын келісу болды. Мәслихат депутаттары әкімдіктің дербес құрамын бекітті.
Карантин енгізуге байланысты қаладағы жағдай қалалық мәслихаттың жұмыс жоспарына өзгерістер енгізуді талап етті.
Үшінші мәселе бойынша мәслихат хатшысының м.а. М.З. Шайдаров сөз сөйледі. Ол өз сөзінде мәслихаттың жұмыс кестесіне сәйкес ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Нұр-Сұлтан қаласы мектептері оқушыларының денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша қалалық мәслихаты сессиясын өткізу жоспарланғанын атап өтті. Сессия барысында мемлекеттік органдар өкілдерінің, білім беру ұйымдары басшыларының және басқа да жауапты тұлғалардың сөздерін тыңдау жоспарланған болатын.
Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, мәслихат депутаттары балалардың денсаулығын сақтауға қатысты мәселелерді талқылауға барлық жауапты тұлғалар қатысуы үшін осы іс-шараны өткізуді кешірек мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылдады.