Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Масанчи ауылындағы жанжал кезінде адамдар қайтыс болып, зардап шеккендер болған оқиғалар қазақстандықтардың жіті назарында. Елордалық мәслихат депутаттары өз пікірлерін Фейсбуктегі жеке парақшаларында білдірді
08.02.2020
Мирас Шекенов, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты:
- Қазіргі уақытта ең бастысы жанжалдың аяқталып, реттелуі және ҚР ҚК-нің «Бұзақылық» бабы бойынша тергеудің басталуы. Бастамашылар мен қатысушылар анықталуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың орын алған оқиғаларға тез арада ден қойып, әлеуметтік желілерде дер кезінде түсіндіргені өте маңызды. Осыдан кейін Мемлекет басшысы арнайы мәлімдеме жасап, жанжалды бағалады. Оқиғалардың салдарын жою жөніндегі үкімет комиссиясын құру туралы тапсырмалар берілді, оның міндеттері жанжалдың себептерін анықтау, әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық сипаттағы мәселелерді шешу, зардап шеккендердің мүліктерін қалпына келтіру және қайтыс болған және жараланғандардың отбасыларына көмек көрсету. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына тергеуді ерекше бақылауға алу жүктелді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураға ұлтаралық араздықты қоздырып, арандатушылық қауесет пен жалған ақпарат таратқандарды жауапкершілікке тарту үшін қажетті тергеу шараларын жүргізу тапсырылды.
Біздің мемлекетіміз көпұлтты. Этносаралық келісім біздің мемлекеттілігіміз бен әл-ауқатымыздың басты факторларының бірі. Әрбір қазақстандық, этностық және діни шығу тегіне қарамастан біздің еліміздің тең құқылы азаматы, сондықтан да кез келген заңсыз әрекеттер мен деструктивті элементтердің арандатуларын азаматтық қоғам қатаң түрде айыптап, қолданыстағы заңнама аясында мемлекет тарапынан қудаланады.
Менің ойымша, болашақта осындай оқиғалардың алдын алу үшін тек құзырлы органдар ғана емес, сонымен бірге жергілікті атқарушы және биліктің өкілді тармақтары, барлық жұртшылық және Қазақстан халқы Ассамблеясы жанжалдың себептерін ашық түсінуі керек.
Әрбір қазақстандық еліміздегі бейбітшілік үшін жауапты екенін білуі керек. Егер жанжалдың қандай да бір алғышарттары туындаса, олар тек бейбіт жолмен шешілуі тиіс.
Барлығымыз ортақ Отанымыз болып табылатын бір елде тұратынымызды есте сақтауымыз қажет.