Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Алматы» ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевтың халық алдында есеп беру кездесуі өтті
03.02.2020
Іс-шараға елорда әкімі Алтай Көлгінов, қалалық мәслихат депутаттары Сергей Солодовников, Мұхтар Төлетаев, Еркеғали Есенжолов, елорда әкімінің орынбасарлары, қаланың атқарушы органдарының басшылары қатысты. Осындай кездесулердің басты мақсаты – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру және кері байланысты күшейту.
Әділбек Сәрсембаев аудан тұрғындарын атқарылған жұмыстар туралы хабардар етті. Мәселен, есепті жылы әлеуметтік сипаттағы өтініштер саны
30 есе өсті, соның ішінде АӘК төлемдері және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері бойынша өтініштер. Атаулы әлеуметтік көмек алуға 4730 отбасы өтініш білдірді, олардың 3000 АӘК тағайындалды. Табысы аз 2000 отбасыға демеушілер қаражатынан нақты көмек көрсетілді.
Аудан әкімі жарықтандыру, жолдар мен көшелерді жөндеу, жылы аялдама павильондарын орнату, санитариялық жағдай, тұрғын
үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, 2016 жылмен салыстырғанда тұрғындардың абаттандыру мәселелері бойынша өтініштері 35 пайызға қысқарған. Өткен жылы абаттандыру
87 ауланы қамтып, тұрғындардың өтініші бойынша 50 аулада қосымша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде бұл көрсеткіш 92 пайызға дейін жеткізілді.
Баяндамашы Қазақстанның халықаралық деңгейде даңқын шығаратын ауданның дарынды балаларына қолдау көрсету мәселесіне жекелей тоқталды. Ол кәсіпкерлер мен әлеуметті осындай таланттарды қолдауға шақырды. Әділбек Сәрсембаев спортты дамыту және өскелең ұрпақтың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыруға тоқталды. Осы мақсатта 4 воркаут- алаңшасы, 6 футбол алаңы салынды, 41 спорт алаңы жөнделді. Ауданның бес спорт кешенінен тұратын спорттық инфрақұрылымы көп функционалды теннис орталығымен толықтырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл «Қазақстан» және «Толқын» спорт кешендерін ауқымды қайта құру жоспарланған.
Кездесу барысында тұрғындар ПИК қызметіне, экологиялық нүктелерді қалпына келтіруге, қоғамдық көліктің жұмысына, құрылысы ұзаққа созылған үйлердің құрылысын аяқтауға, ескі үйлерді сүруге қатысты алаңдаушылықтарын білдірді. Айтылған барлық мәселелер бақылауға алынды.