Елорда депутаттары аула клубтарын дамыту туралы Тұжырымдаманы егжей-тегжейлі пысықтау үшін уақыт берді
31.01.2020
Қалалық мәслихаттың заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс жасау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысының күн тәртібіне 2023 жылға дейін Нұр-Сұлтан қаласында аула клубтарын дамыту Тұжырымдамасының жобасы енгізілген. Осындай өзекті мәселе өткен жылдың қазан айында халық қалаулыларымен қаралып, талқыланды. Сол кезде депутаттар елордада аула клубтарының жұмысын үйлестіруге және дамуына, оқушылар арасында жарақаттанудың өсуіне, спорт залдарында үш ауысымды сабақ өткізуге жауап беретін бір де бір оператордың жоқтығына алаңдаушылық білдірді.Сондай-ақ, комиссия мүшелері аула клубтарының қызметін ұйымдастырудағы өкілеттілікті білім беру мекемелеріне беру мәселесі бойынша өз келіспеушіліктерін білдірді. Өйткені мұндай бірлестіктерде балалар мен жастар тұрғылықты жері бойынша бос уақыттарын тиімді өткізуі тиіс.
Аталған барлық ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, жақында тағайындалған «Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ басшысы Дәулет Кәрібек өз сөзінде аула клубтары қызметінің мәселесі жақында аталған мекеменің құзыретіне берілгенін атап өтті. Осыған байланысты, комиссия мүшелерінен осы құжатты пысықтауға тағы да қосымша уақыт берулерін сұрады. Сонымен қатар, Дәулет Кәрібек заманауи аула клубтарының қызметі бойынша өз көзқарасын білдірді. Олардың жұмысы жас ерекшеліктерімен және спорттық сабақтармен шектелмеуі тиіс. Бұл сол ауданда тұратын тұрғындардың балаларымен бірге бос уақытын лайықты өткізе алатын орталықтар болуы тиіс. Орталықтарда көршілер бір-бірімен танысуға және араласуы мүмкіндігі болуы абзал, сонымен қатар орталықтар жастар асығатын үшінші орын болуы тиіс. Олардың қарамағына шығармашылық студиялар, дебаттық алаңдар, дипломатия орталықтары, волонтерлік мектептер, дизайн және робототехника курстары ұсыну қажет. Жүйелі жұмыс аясында жүзеге асырылатын бұл жоба клуб жұмысының дәстүрлі түрінен кетуге, өсіп келе жатқан ұрпақты бос уақыттарында іс-шаралармен қамтудың өзге үлгісіне біртіндеп көшуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта елордада 6 жастан 14 жасқа дейінгі 2,5 мың баланы қамтитын 21 клуб жұмыс істейді. Олардың саны жағынан көбі "Байқоңыр" ауданында (9) және ең азы "Есіл"ауданында (1).450 мың тұрғыны бар "Сарыарқа" ауданында 3 клуб жұмыс жасайды. Депутаттар Рамзия Өмірбаева, Зулфухар Гаипов аудандардағы халық саны өсіп келе жатқанына, сондықтан клубтардың да санын көбейту қажет екеніне назар аударды. Сондай-ақ елорданың орталық бөлігі мен қала маңын кеңінен қамту қажет.
Депутат Мирас Шекенов балалар бос уақытын қамту мәселесін көтеру бойынша «Ильинка» тұрғын үй алабындағы ата-аналар қоғамы белсенділіктерін ерекше атап өтті. Осы орайда бұл жұмысқа мектептерді сенбі және жексенбі күндері тарту қажет.
Комиссия жұмысына қатысқан көп балалы ана, қала тұрғыны Зиуар Жұманова Тұжырымдаманы әзірлеушілердің назарын аула клубтарында өсіп келе жатқан ұрпаққа еңбек дағдыларын дарыту қажеттігін ерекше атап өтті.Қазіргі заманғы балаларды тігуге, тоқуға, сүргілеуге, аралауға үйрету керек.
Қалалық мәслихаты хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаров кейбір аула клубтарының тұрғын үйлердің жертөле және астыңғы қабаттағы үй-жайларында орналасқаны санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтініне тағы да назар аударды.
Тұрақты комиссия жұмысының соңында елордалық мәслихат депутаттары Тұжырымдаманы толық пысықтау үшін Жастар саясаты мәселелері басқармасына тағы да уақыт беру туралы шешім қабылдады. Осы құжатты талқылау үшін халық қалаулылары аталған жылдың 12 наурызында қайта оралады.