Қалалық мәслихат депутаттары ұсынылған кандидатураны мақұлдады және Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданының әкімі лауазымына тағайындауға Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатовтың кандидатурасына келісім берді
30.01.2020
Бүгін қалалық мәслихаттың кезектен тыс 61-ші сессиясы өтті. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов депутаттық корпусқа «Байқоңыр» ауданының әкімі лауазымына үміткерді таныстырды. Нұрбол Нұрсағатов Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Екі дипломы бар: Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ (экономист-менеджер), Л. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол университеті (инженер).
Нұрбол Төлегенұлы еңбек жолын 2001 жылы бастаған. Әр жылдар аралығында ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс істері жөніндегі комитетінің экономикалық талдау және жоспарлау бөлімінің жетекші маманы, Астана қ. сәулет, қала құрылысы жобаларының техникалық сараптамасы басқармасының бас маманы болып жұмыс атқарған, Шығыс Қазақстан облысы көлік және автомобиль жолдары басқармасын, Алматы қаласы Құрылыс басқармасын басқарған. Соңғы уақытта Нұр-Сұлтан қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасын басқарды.
Депутаттар ұсынылған кандидатураны мақұлдады және Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданының әкімі лауазымына тағайындауға Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатовтың кандидатурасына келісім берді.