Қазақстан Мәслихаттарына-25 жыл
19.12.2019
Ағымдағы жылы елімізде айтулы саяси іс-шара, Қазақстан Мәслихаттарының 25- жылдығы аталып өтілуде. Бүгінгі таңда мәслихаттар еліміздің дамуында аса өзекті орын алуда. Халық қалаулылары мемлекеттің өркендеуіне өздерінің сүбелі үлестерін қосып келеді. Тарихи датаға орай Елордада салтанатты шара өтті, депутаттар Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Құрмет грамоталары және Қазақстан Халқы Ассмблеясының арнайы «Бірлік» алтын медальдарымен марапатталды. Салтанатты шарада қала әкімі Алтай Көлгінов құттықтау сөз сөйлеп, барлық шақырылымдағы маслихат депутаттарына, ардагерлерге және мәслихат аппаратының қызметкерлеріне «Қазақстан мәслихаттарына 25-жыл» атты мерейтойлық медальдарын табыстады. Марапатталушылар атынан мәслихаттың III шақырылым депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, професссор, Елорданың Құрметті азаматы - Мырзатай Жолдасбекұлы сөз алып, Тәуелсіздігіміздің нығаю жолындағы мәслихаттардың ерекше рөлін атап өтті. Сонымен қатар құттықтау сөзімен ортаға Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат депутаты, «Қазақстан мәслихат депутаттарының бірлестігі» Республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы - Төлеубек Мұқашев шықты. Ол өз кезегінде өкілетті органдардың болашақта даму жолдарын айқындады және мәслихаттардың құзіретін кеңейту мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихаты хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаров, мәслихаттың 25-жыл бойы жергілікті атқарушы органнмен бірге маңызды мәселелерді шешу жолында нәтижелі жұмыс атқарып келе жатқанын атап өтті. Жергілікті мемлекеттік басқару және халықты әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі Заң жобаларына бірге ұсыныстар жасалды, күрделі сұрақтар шешімін тапты.
Салтанатты жиынға мәслихаттың барлық шақырылым депутаттары, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат депутаттары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызмет ардагерлері және БАҚ өкілдері қатысты.